Мен қайтейін қиғаш қара қасыңды,
Әуреледің неге сонша басымды.
Шын сүймесең, жаным сүйген Кәмилә-ау,
Мойныңа артам көзден аққан жасымды.
Өзіңе аян менің саған құмарым,
Табылды-ау, деп жүруші едім, сыңарым.
Шын сүймесең, жаным сүйген Кәмилә-ау,
Екі талай тірлік етіп тұрарым.
Мен отырмын жалғыз жартас басында,
Кәмилә жоқ, неге отырмын, қасымда.
Махаббаттың уын ішіп жүргенше,
Неге өлмедім ғазиз сәби жасымда.